Бұл төрелік, оның жұмысы, төрелікке жүгіну тәртібі туралы азаматтар мен заңды тұлғаларға қажетті ақпаратты табуға көмектесетін Қазақстан Төрелік палатасының анықтамалық бөлімі. Сіздің қалаңыздағы немесе сіздің өңірініздегі тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді біздің сайттағы Палата Тізілімінде таба аласыз.
Төрелік деген не
Төрелік дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде Қазақстанда жиырма жылдан астам қолданылады. 2016 жылдың 08 сәуірінде аралық сот туралы және халықаралық сот туралы бұрын әрекет еткен екі Заңды біріктірген Қазақстан Республикасының «Төрелік туралы» № 488-V ҚРЗ Заңы қабылданды (Төрелік туралы заң). Төрелік – бұл тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты азаматтық-құқықтық дауды шешетін төрелік ретінде құрылған мемлекеттік емес сот.
Тұрақты жұмыс істейтін төреліктер Қазақстан Респуликасының заңнамасына сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалармен құрыла алады. Нақты дауды қарайтын төрелікті тараптар дауды шешу үшін құрады және ол сол дауды шешкенге дейін немесе тараптар дауды сотқа беру туралы шешім қабылдағанға дейін жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тұрақты әрекет ететін төрелік бар (Павлодар облысы – 8, Алматы қаласы – 5, Астана қаласы– 3, Ақмола облысы, Алматы облысы, Атырау облысы, ШҚО, СҚО и ОҚО – 1-ден).
Кім төрелікке жүгінуге құқылы
Төрелікте тараптар ретінде мемлекет ішінде немесе оның шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жеріне немесе орналасқан жеріне қарамастан, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бола алады.
Дауды төреліктің қарауына тараптар арасында қандай да бір нақты азаматтық-құқықтық қатынас бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларға қатысты тараптар арасында жасалған төрелік келісім болған кезде беруге болады. Соттың қарауында жатқан дауға қатысты төрелік келісім аталған сот дау бойынша шешім қабылдағанға дейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
Төрелік келісім жазбаша нысанда жасалады. Ол азаматтық-құқықтық келісім мәтініне енгізілген төрелік ескерту түрінде жасала алады.
Дауды төрелікте қараудың артықшылықтары
Мемлекеттік сотқа қарағанда, төрелікте:
• дауласушы тараптар дауды қарастыруда төрелік талқылау қағидаларын өздігінен белгілей алады;
• тараптар талқылаудың орны мен тілін өздері таңдауға құқығы бар;
• тараптар төрешілерді өздігінен таңдауға құқығы бар;
• талқылаудың құпиялылығы;
• процестің жеделдігі мен тиімділігі;
• төрелік шешім түпкілікті болып табылады, мәні бойынша қайта қарауға жатпайды;
• Шетелдiк төрелiк шешiмдерiн тану және iске асыру туралы Конвенция бар болуының нәтижесінде төрелік шешімді шет мемлекет территориясында орындауға оңай (Нью-Йорк қ.,1958 жыл 10 маусым).
Төрелік қандай дауларды қарастырады?
Төрелік жеке және (немесе) заңды тұлғалар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дауларды қарастыруға құқылы:
• мүліктік даулар;
• мүліктік қатынастармен байланысты жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын даулар.
Төреліктің қарауына жатпайтын даулар:
• Кәмелетке толмағандардың;
• заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың мүддесін қозғайтын даулар;
• оңалту және банкроттық туралы;
• табиғи монополиялар субъектiлерi мен олардың тұтынушылары арасындағы;
• мемлекеттік органдар арасындағы;
• квазимемлекеттік сектор субъектілерінің арасындағы даулар
Төрелік шешімнің күшін жою мүмкін бе?
Төрелік шешім түпкілікті болып табылады, мәні бойынша қайта қарауға жатпайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен белгіленген тәртіпте төрелік туралы Заңы 52 бабының негізінде ғана күші жойыла алады (56 тарау). Негіздер тізімі толық қамтылған сипатты болып табылады.
Төрелік туралы Заңның 52-бабында мемлекеттік сотпен төрелік шешімнің күшін жоюдың екі мүмкін жағдайы қарастырылған:
1) тараптардың біреуімен мәлімделген күшін жою туралы өтінішхат бойынша. Өтінішхатты мәлімдеген тарап, сотқа тиісті дәлелдемелер ұсынуға міндетті. Бұл ретте өтінішхатты берудің негіздері тек қана процестік бұзушылықтар бола алады;
2) сот шешімі бойынша (тараптың өтінішхатты мәлімдеуінсіз қабылдана алады).
Бұл жағдай сот дербес түрде:
а) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі немесе
б) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындаған кезде ғана бола алады.
Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
Егер төрелік шешім ондағы белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға сот берген атқару парағы негізінде төрелік шешімді орындау кезінде қолданылатын атқарушылық іс жүргізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа беріледі.
Төрелiк шешiмдi танудан және (немесе) орындаудан бас тарту үшiн негiздер төрелік туралы Заңның 57-бабында және Азаматтық процестік кодекстің 255-бабында көзделген.
ТӨРЕЛІК ТАЛҚЫЛАУ ТАРАПТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
«Төрелік туралы» ҚР Заңының (одан әрі – Заң) ережелеріне сәйкес төрелік талқылаудың тараптары араларында төрелік келісім жасалған талап қоюшы мен жауапкер болып табылады.
Тараптар төрелік талқылауға жарыспалылық және тең құқықтылық қағидаттарының негізінде қатысады – олар өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын дербес және кімнен болса да тәуелсіз таңдайды, сондай-ақ тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді көтереді.
Атап айтқанда, Заңның 31-бабына сәйкес төрелiк талқылау барысында тараптардың:
1) iс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшiрмелер алуға;
2) дәлелдемелердi ұсынуға;
3) өтiнiш бiлдiруге, төрешiлерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн ұсынуға;
6) басқа тараптың өтiнiштерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
7) төрелік отырыс хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертулер беруге;
8) ҚР заңнамалық актілеріне сәйкес сот алдында төреліктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
9) істі бітімгершілік келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауға;
10) Заңда белгiленген жағдайларда төрелік шешiмiнің күшін жою туралы өтініш беруге құқығы бар.
Анықтама үшін:
- Соттың төрелік шешімнің күшін жоюы үшін оның күшін жою туралы өтінішхатты мәлімдеген тарап:
1) төрелiк шешiмнiң төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына дөп келмейтін мәселе бойынша шешімді қамтитындығы не төрелiк келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулыны қамтитындығы, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпайтыны туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
Егер төрелiк келiсiмде қамтылған мәселелер бойынша төрелiк шешiмдерді осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмдерден бөлiп алу мүмкiн болса, онда төрелiк шешiмнің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешiмді қамтитын бөлiгiнің ғана күшi жойылуы мүмкін;
2) сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз деп танығандығы немесе тараптар төрелік келісімді жасауға негізге алған заң бойынша, ал мұндай заңға сілтеме болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келiсiмнің күшінің жоқтығы;
3) төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк талқылау туралы тараптың тиiстi түрде хабардар болмағандығы немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн ұсына алмағандығы;
4) төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелiк рәсiмi тараптардың келiсiмiне сәйкес келмегендiгі;
5) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған заңды күшiне енген соттың шешімі немесе төрелiк шешiм не талап арыз берушінің талап арыздан бас тартуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болған;
6) төрелік шешім Заңның 47-бабында көзделген жазбаша нысан және қолтаңба туралы талаптарға жауап бермейтіндігі туралы дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
- Мыналар:
1) төрелік шешім Қазақстан Республикасының жариялы тәртібіне қайшы келетіндігі;
2) төрелік шешім шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелік талқылау нысанасы болып табылмайтыны айқындалған жағдайда сот төрелік шешімнің күшін жояды.
Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты төрелік талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ төрелік заңда көзделген негiздер бойынша құқықтары мен мiндеттерiне қатысты шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар төрелік шешімді алған күннен бастап бір ай iшiнде бере алады.
Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат:
1) егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының аумағында қабылданса, төрелік дауды қараған жер бойынша;
2) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, тұрақты жұмыс істейтін төреліктің орналасқан жері бойынша;
3) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, Қазақстан Республикасында төреліктің құрылған жері бойынша Қазақстан Республикасының тиісті сотына беріледі
(ҚР Азаматтық процестік кодексінің 464-бабы).